Аймақта құтқарушылар қысқы балық аулау орындарында рейдтік жұмыстарды күшейткен. Бұған мұздың әлі толық қатпауы әрі оның құрылымының біркелкі болмауы себеп. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мереке күндері де су айдындарын аралап, балықшыларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Ауа температурасының күрт ауытқуы мұздың беріктігін әлсіретіп, сырт көзге қатты көрінгенімен, адам салмағына шыдас бермей опырылуы мүмкін, дейді сала мамандары.
Рейд барысында құтқарушылар балықшылардың жеке қауіпсіздігіне ерекше назар аударған. Мамандар мұз үстіне шыққанда тек балық аулау құралдарын ғана емес, міндетті түрде құтқару жилетін, мұз ойғыш пен ұзын әрі берік арқан, кемінде екі метрлік таяқ алып жүру қажеттігін ескертеді. ШҚО ТЖД мәліметінше, қауіпсіздік талаптарын елемеу салдарынан биыл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 31 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ерік Тұрсынғалиев, ШҚО ТЖД АҚБ офицері:
ШҚО ТЖД Өскемен қаласының су қоймаларында профилактикалық рейттер өткізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл салынды. Және де қалған балықшылармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынама таратылды.
Сондай-ақ құтқарушылар түнгі уақытта және көріну деңгейі төмен кезде мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Мұндай кезде мұз ойылып кету қаупі жоғары.
Нұртас Қайролдаев