Өңірде «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Жоспарға сәйкес, Черемшанка орман шаруашылығы аумағында найзағай түсуі салдарынан орманды дала алқабы тұтанған. Тілсіз жаумен бірнеше сағат бойы күрескен құтқарушылар, орман шаруашылығының қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері 150 гектар аумақтағы шартты өртті ауыздықтады.
Жиын барысында арнайы жасақтардың әзірлігі жан-жақты сараланды. Оқу-жаттығу аясында апаттық-құтқару және өрт сөндіру құрылымдарының бірлескен іс-қимылы жүйеленді. Төтенше жағдай орын алған сәтте жедел әрекет ететін құтқарушылар, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары мен дәрігерлер бірлесіп, кез келген қауіпке сақадай сай екендіктерін байқатты.
Исхар Савазов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
Оқу-жаттығудың мақсаты - өрт қаупі бар маусымға дайын болу. Жиында жедел шешім қабылдау, азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимыл алгоритмін бекіту сияқты маңызды мәселелер қаралды. Сонымен қатар, дрондардың көмегімен әуеден барлау жүргізу амалдарын нақтыладық. Сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ («Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы)-мен бірлесе отырып, өрт сөндіру кезінде судың тоқтаусыз жеткізілуін қамтамасыз етуді іс жүзінде тексердік.
Ондаған бөлімше әуеден де жерден де өртті ауыздықтау жиынына қатысқан. Мамандар тілсіз жау орын ала қалған жағдайда оны ауыздықтау үшін барлық кезеңдер бойынша дайындық жұмыстарын өткізді.
Ердос Үмітов, ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
Негізі осы ШҚО бойынша 13 орманшаруашылық мекемесі бар. 3 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар. 3000-ға жуық орман қорық жерлері бар. Біздің ШҚО-да бүкіл облыс бойынша 16% орманмен көмкерілген.
Апат айтып келмейді. Ал оның алдын алу мен тұрғындар қауіпсіздігін қорғауда мұндай жаттығулар маңызды тәжірибелік алаң екені анық.
Кәусар Идаятқызы