Отбасылық өмір жолдары өнерден  бастау алып, қазіргі таңда шаңырақ көтеріп, отау құрған жандар жетерлік.Солардың бірі - Ақметқалиевтар әулеті. Береке бірлігі  жарасқан мерейлі отбасы мүшелерінің барлығы да өнер  әлемінен алыстаған емес. 90-шы жылдардың басында облыс орталығына қоныс аударған Ақметқалиевтар отбасы ел жұрт қызыға қарайтын өнерпаз жандардың ордасына  айналғандай. Әулеттің ұйытқысы Құмархан ағамыздың отбасына сіңірген еңбегі ерекше. Жұбайы Анаргүл екеуі өмірге Әнуар, Мадияр, Іңкәр, сынды үш перзентті дүниеге әкелген. Бүгінде ұлдарынан тараған немерелердің қызығын көріп отыр. Бұл әулеттің ұл-қыздары да өнерден кенже қалмаған. Бірі халыққа асабалық қызмет көрсетсе, енді бірі дәстүрлі әнді орындау шеберлігімен танылған. Іңкәр Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесін тәмамдаған. Ерекше аспап қобыздың құлағында еркін ойнайды. Балалардың айтуынша өнерге  келулеріне  ата-аналары тікелей себеп болған. Шаттығы шалқыған бұл шаңырақта отбасы мүшелерінің барлығы бір дастархан басын жиналған сәттерінде күмбірлеп күй тартылады, әуезді әндер әуелейді. Отағасы балдай тәтті немерелеріне музыкалық аспаптардан рухты оятатын әуезді әндерді шырқаса, шаңырақтың түтінін түтетіп отырған анамыз келіндеріне үнемі өмірден білген-түйгенін, ақыл-кеңесін айтып отырудан жалыққан емес. Отбасы - мемлекеттің бір бөлшегі. Осындай үлгілі де өнегелі отбасылар мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосатыны анық.