Жеңіс мерекесі қарсаңында Шығысқа сүйінішті хабар жетті. Соғыс  кезінде  лайықты ерлік көрсетіп, бірнеше рет атаққа ұсынылса да, өкінішке қарай, белгісіз себептермен ол атақты ала алмаған  жерлестеріміздің есімі ұлықталды. Майдангер, атақты мерген Төлеуғали Насырханұлы Әбдібековке және Александр Александрович Несмияновқа бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.

397 немістің көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков Жарма ауданының тумасы. Майданға бұрынғы Шымкент облысынан аттанған. Ол 8-ші гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясы, 302-ші гвардия атқыштар полкі, 2-ші атқыштар ротасының мергені болды. «Халық қаһарманы» атағына ие болған тағы бір жерлесіміз Александр Несмиянов 126-шы Горловка Қызылтулы атқыштар дивизиясы, 690-шы атқыштар полкі, 1-ші атқыштар батальонының командирі ретінде неміс басқыншыларына қарсы соғысқан.

Шығыстан шыққан батырлардың лайықты құрметке ие болуына өңір жастары да қуанышты. Еселі еңбектің жемісі дейді өскелең ұрпақ.

Ал республика бойынша бұл жоғары атақ барлығы үш майдангерге берілді.