Өскеменде дәстүрлі «Жарқыл» әскери-спорттық ойыны өтті. Шара жыл сайын Отан қорғаушылар күні қарсаңында ұйымдастырылады. Биылғы ойын жеңістің 80 жылдығы мен батыр жерлесіміз Қасым Қайсеновтің 107 жылдығына арналды. Әскери ойынға қатысушылар қала шетіндегі тау етегінде бас қосты.
Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта облыс орталығында жыл сайын «Жарқыл-Зарница» әскери-спорттық ойыны өткізіліп келеді. Сайысқа 10-11 сынып оқушылары қатысады. Биыл додаға қала мектептерінен 400-ге жуық жасөспірім жиналды.
Ойын үш кезеңнен тұрды. Соңғы кезең дәстүрге сай тау бөктерінде өтті. Қатысушылар әскери киім киіп, топтарға бөлініп, түрлі тактикалық жаттығуларды орындады.
Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар жастардың туған елге деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізеді, дейді. Сондықтан шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.