Өскеменде үш тілді жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері – 2025» атты облыстық байқау өтті. Шараны өңірдегі мәдениет басқармасының Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы ұйымдастырды. Үш тұғырлы тіл саясаты – Қазақстанның стратегиялық бағдары. Бұл байқау сол идеяның нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Байқаудың мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген талантты жастарға қолдау көрсету. Мемлекеттік қызметшілер – ел айнасы. Олар қоғамға бағыт беруші. Сол себепті үш тілді меңгеруді мемлекеттік қызметшілерден бастау – үлкен мақсатты көздейді. Білім бәйгесіне қатысушылар Самар, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Алтай аудандарынан барлығы бес мемлекеттік қызметкер келді.

Байқауға қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілген тапсырмаларды орындап, тіл шеберліктерін жан-жақты көрсетті. Ортада еркін сөйлеу, мәтіндермен жұмыс және берілген тақырыпта ой толғау – байқаудың негізгі сынақтары.

Қазылар алқасы қатысушылардың тілдік сауаттылығы мен шешендік өнеріне ерекше мән берді. Байқаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге білікті мамандар жұмылдырылды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Ұлан ауданының сәулет, қала құрылыс және құрылыс бөлімінің бас маманы Мадияр Жәнібеков иеленді. Бірінші орын Самар ауылдық округінің бас маманы Жігер Нұрлыбекұлына бұйырды.Екінші орынды Алтай ауданы, Прибрежный кенті әкімдігінің бас маманы Ерболсын Оралбаев еншіледі.Үшінші орынға Зайсан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің іс жүргізушісі Ақмарал Оралбекова мен Тарбағатай ауданы әкімі аппараты бөлімінің бас маманы Айғаным Қорғау жайғасты.