Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұлы ақын, философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараның басты тақырыбы – «Академик Зәки Ахметов және абайтану мәселелері». Бұл жиынға еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары мен студенттер қатысты.
Халықаралық конференцияның ашылуында сөз сөйлеген университет ректоры Мұхтар Әділбекұлы, «Абайтану – тек ғылыми бағыт қана емес, ұлттың рухани өзегін танудың негізгі жолы» екенін атап өтті. Ол академик Зәки Ахметовтің Абай мұрасын терең зерделеп, Абайтанудың ғылыми негізін қалыптастырудағы еңбегін ерекше бағалады.
Жиында академик Зәки Ахметовтің Абай шығармашылығын зерттеудегі еңбектері мен қолданған әдіснамасы кеңінен талқыланды. Баяндама жасаған ғалымдар Абайдың терең философиялық ойлары мен поэзиясын жаңа қырынан қарастырып, оның адамзаттық құндылықтар жүйесіндегі орнын жан-жақты ашуға тырысты.
Шара барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамының ғылыми еңбектері мен кітаптарынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Ал, студент жастар үшін бұл конференция - өз білім көкжиегін кеңейтуге таптырмас мүмкіндік.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен ғылыми жиын – Абай әлемін терең зерттеуге және оның мәңгілік мұрасын келер ұрпаққа насихаттауға бағытталған үлкен қадам.