Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында 2010-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жүлдегері, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған III республикалық турнир өтті. Боз кілем үстінде өткен бәсекеге еліміздің 9 өңірінен келген жасөспірімдер мен өзбек, қырғыз спортшылары қатысты. Жалпы саны 300-ге жуық балуан бақтары мен бабын сынады.
Осымен үшінші рет республикалық деңгейде, атақты спортшының туған өлкесінде жарыс ұйымдастырылуда. Күресте бақ сынаған әрбір жас балуанның бойында жеңіске деген құлшыныс бар.
Жаттықтырушылар турнирге тыңғылықты дайындалып, әбден бабына келген балуандарға үлкен үміт артады. Қатысушылардың арасында көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген спортшылар да бар.
Боз кілемде белдесіп, көпшілік алдында сынға түскен жас балуандардың өнерін тамашалауға жұрт әр жерден жиналған. Арнайы келген белгілі спорт шеберлері, аға жаттықтырушылардың негізгі мақсаты – көп ішінен дарындыларды анықтап, іріктеп алу. Ары қарай оларды спорт интернаттарына шақырып, тәрбиелеп, алдағы үлкен жарыстарға дайындау.
Жастар арасында спортты кеңінен насихаттап, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын турнирге грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жүлдегері, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, еліміздің күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың өзі де қатысты. Ол жас спортшыларға сәттілік тілеп, ақыл-кеңесімен бөлісті.
Турнирге қатысқан әр балуан топ жарып, үздік атануға ұмтылды. Спортшылар намысты қолдан бермей, жарыс өте тартысты өтті.