Мемлекет басшысы өткен жолдауда ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде отбасының цифрлық картасын енгізуді тапсырған. Қазіргі таңда аталмыш жобаны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда.

Отбасы цифрлық картасының өзіндік жұмыс істеу алгоритмі бар. Мемлекеттік кепілдікті алуға құқығы бар адам Еңбек министрлігінен арнайы смс-хабарлама алады. Яғни, азаматтарға қандай да бір қолдау көрсетілетіні туралы ақпарат беріледі. Келген хатқа жауап беру арқылы көмек алушы жандар бұл шараны қабылдауға келіседі немесе бас тартады. Келісім берген жағдайда жәрдемақы тағайындалады, содан кейін бұл қаржы шотына аударылады.

Елімізде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетудің маңызы зор. Аталмыш жобаның негізгі басымдығы, мемлекет тағайындаған жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни төлем алушының өтінішін күтпей беруді көздейді.

Елде тіршілікте таршылық көріп, заманның ағымына ілесе алмай, көш соңында келе жатқан отбасылар жоқ емес. Ал мұндай жанұялар қолдауға зәру. Сондықтан олар қоғамда назардан тыс қалмауы қажет. Қай мемлекеттің болсын жемісі мен жеңісі түптеп келгенде тұрғындардың әл-ауқатымен, елдің ұстанған әлеуметтік саясатымен бағаланатыны анық.