Қазақстанның барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» акциясы өтуде. Бұл шарада заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, заң тұрғысынан көмек көрсетеді. 

Әр адамның өмірінде заңгерлік көмекке жүгінуге тура келетін сәттер болуы әбден мүмкін. Бірақ, заңгер мен қорғаушының қызметін алу үшін едәуір қаражат керек болатыны да баршаға аян. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қоспағанда, күнкөрісі орташа дегендердің өзі кейде осындай қызметке жүгіне алмай жатады. Бұл акцияның негізгі мақсаты – жергілікті жұртшылыққа тегін заң көмегін көрсетіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Кез келген азамат ең үздік мамандардан маңызды сауалдарына жауап алу мүмкіндігіне ие болмақ. 

Зайырлы мемлекетте өмір сүргендіктен, әрбір азамат өз құқықтарын білуі және оның бұзылмауын талап ете білуі тиіс. Қала тұрғындары құқықтық мәселе немесе дау бойынша кәсіби деңгейі жоғары тәжірибелі, беделді мамандардан толық көлемде қажетті көмек ала алады. Заңгерлер мәселе шешімі бойынша кеңес береді, ал мемлекеттік органдар азаматтарды қабылдайды. 
 
Жылына бір рет өткізілетін акцияға келушілер саны айтарлықтай көп. Қазіргі уақытта мұндай жиын тек ірі қалаларда өткізіліп жатса, ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта шара ауқымын кеңейтіп, облыстардағы басқа елді мекендерді, яғни аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде ұйымдастыру жоспарда бар.