Шекарадағы жағдай кімді де болсын алаңдатпай қоймады. Дегенмен, бақылау қатаң дейді құзырлы органдар. ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері көші-қон қызметі бөлімшелерімен ҚР заңнамасын бұзғаны үшін 1700-ден астам шетелдік азамат және 769 қабылдаушы жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Статистикаға сүйенсек, биыл елге 4,3 миллионға жуық шетел азаматы қоныс аударып, 4,1 миллион адам елден кетті. Оның ішінде, 1 млн 660 мың Ресей Федерациясының азаматтары келсе, 1 млн 640 мыңы өзге мемлекетке көшкен.

Қазіргі уақытта көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілерге белгіленген арнайы тәртіптердің сақталуын бақылауда. Шетел азаматтарының елде болу мерзімі аяқталған соң оған қатысты заңда көрсетілген шаралар атқарылады. Тексеріс кезінде заңнаманы бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылған. Оның ішінде, 3200 құқық бұзушы Ресейлік азамат болғаны анықталып отыр. Бұл көрсеткіш елге келген РФ азаматтарының тек 0,2 пайызын құрайды.