Оралхан Бөкей атындағы «Ауыл хикаялары» атты республикалық деңгейдегі тұңғыш әдеби байқаудың қорытындысы жарияланды. Сайысқа республикамыздың барлық аймағынан 25- 40 жас аралығындағы шығармашыл жандар қатысты. 

Алтайдың Кербұғысы атанған заң­ғар жазушы Оралхан Бөкейдің атына ұйымдастырылған шығармашылық байқауға 40-қа жуық қаламгер қатысқан. Соның бірі Қуат Қиықбай. 15 жылдай уақытын шығармашылыққа жұмсаған азамат бүгінгі күнге дейін шетел әдебиетінен 30-ға жуық әңгіме аударып, 80-нен аса хикаяттар мен прозаларды жарыққа шығарған. Ол драматургия саласында да қалам тербеп жүрген жазушы. Қалың оқырман назарына «Көктемдегі көлеңке», «Бейуақыт» кітаптары жол тартқан. Осыған дейін бірнеше байқаудың жеңімпазы атанған ол бүгін де асығы алшысынан түсіп бірінші орын иегері атанды. 

Байқаудың мақсаты – шын дарындарды анықтау және ынталандыру. Жазу көркемдігі мен сауаттылығы төмендеп  бара  жатқан  қазіргі жастарды шығармашылыққа баулу. Бұл сайысқа тек орақ тілді, от ауызды ақын, жазушылар емес сондай-ақ басқа мамандық иелері де қатысып бақ сынасты. «Аққұмдағы хикая» атты әңгімесімен жүлделі екінші орынды иеленген Бақыт Жалиева. Ол – дефектолог маман. Бірақ, шығармашылықтан кенде емес. Еңбегінің ақталғанына қуанышты.

Ақын-жазушылардан құрылған қазылар алқасы көркем шығармаларды жан-жақты бағамдап, өз бағаларын берді. 

Жеңімпаздарға қаржылай марапатпен қоса арнайы жүлделер табыс етілді.