Экономиканың дамуына кедергі келтіретін қылмыстарды анықтау, оны тергеу және алдын алу. Осы міндеттерге жауапты департамент мамандары жыл өткен сайын ауқымды жұмыс атқаруда. Білімді де білікті жастармен қатарлары да толығуда. Оларды қызметке тартудың түрлі жолы бар. Осы және өзге де маңызды мағлұматпен С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттеріне кездесу барысында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы айтып берді.

Жоғарғы оқу орынында білім алып жатқан жастарға бағыт-бағдар беру, қоғамда орын алған түрлі жағдайлардан хабардар ету мақсатында осындай шаралар жиі өтеді. Жастар мұндай кездесулер қажет деп санайды. Себебі, кез-келген саланың ішкі жұмысы мен тиісті міндеттерін бәрі біле бермейді.

Кездесу барысында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы баяндама жасады. Өзекті мәселеге қатысты тың ақпарат берді. Шағын бейнеролик арқылы департамент мамандарына жүктелген міндеттің қаншалықты жауапты екендігін жастарға жеткізуге тырысты.

Бүгінгі күні кадр мәселесі өзекті. Өз қатарларын алғыр да білімді жастармен толықтыруды мақсат тұтатын департамент академияда оқып жатқан курсанттар туралы шағын бейнеролик көрсетті. Қаржылық сауаттылық, қаржы пирамидасы және өзге де өзекті мәселелерге тоқталды. Алдын алу, сақтану жолдарын айтты.

Көпке ой салған кездесу, ақпарттық әрі өзара пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өзіне қажеттіні түртіп алды. Білмеген, естімеген мәліметке қанықты. Бастысы жастарға берері мол кездесу болды.