2023 жылы мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Қазіргі уақытта ҚР Қаржы министрлігі заңның жаңа моделін әзірлеу бойынша жұмыс тобын құрды. Түзетулер сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ, аталмыш саланы одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Мемлекеттік сатып алуға қатысты өзгерістер сыбайлас жемқорлық әрекеттерін алдын алуға бағытталған.Енді бір көзден сатып алу жүйесі қысқартылмақ. Бұрынғы талаптағы 4 негіз де алынып тасталмақ.
Рустам Байырбековтың айтуынша, жаңа заң аясында онлайн режимде тауарды таңдауға мүмкіндік беретін электрондық дүкен түріндегі сатып алудың жаңа тәсілін енгізу көзделген.
Онлайн дүкеннің ерекшелігі – тапсырыс берушіге таңдау еркіндігін беруінде. Бұл ретте мұндай тауарды жеткізуші ең төменгі баға негізінде айқындалады, дейді мамандар. Электрондық каталог жүйесін енгізудің негізгі артықшылығы – жетілдірілген мониторинг жүйесі. Бұл арқылы тапсырыс берушінің барлық талаптары ескеріліп, нарықтағы ең ұтымды шарттар бойынша таңдау мүмкіндігіне ие болады. Жүйе тасымалдау принципіне негізделген. Сол арқылы ұсыныстарды таңдау критерийлері екі тарап үшін де тиімді болмақ.