Өңірдегі экологиялық ахуал басты назарда. Өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі экология саласында  заң бұзушылық әрекеттерін анықтап, талдау жұмыстарының қорытындысы жарияланды. Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері мен экобелсенділер қатысты. Жиын барысында қоршаған орта ластануының негізгі себептері талқыланып, дәрігерлердің жергілікті тұрғындарға «химиялық тамақ күйігі» диагнозын қою мәселесі көтерілді.
Өңірдегі мамандар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын жасаған. Онда мемлекеттік органдардың материалды-техникалық жабдықталуы да есепке алыныпты. Сараптама жұмыстары экология саласындағы өзекті мәселелерді де қамтиды.
Өскемендегі жеке және өндірістік сектор жылына 2,2 млн тонна көмір тұтынады. Ал тұрғындардың басым бөлігі пайдаланатын «Қаражыра» көмірінің құрамынан мамандар ауаны ластап, денсаулыққа  зиян келтіретін радиоактивті қоспаларды анықтаған көрінеді.  
Қаладағы ауа сапасының нашарлауына атмосфераның беткі қабатын ластайтын өндірістік зат қалдықтары да себеп. Соның салдарынан тұрғындар дәрігерлерге жиі тамақ және бас ауруларымен шағымданады.
Аймаққа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ажар ғиният «Тамақтың химиялық күйік шалуы» диагнозын емдеу ісі хаттамасына қосу ісін қолға алу керектігін айтқан еді. Аталған бастаманы іске асырумен арнайы жұмыс тобы айналысады. Зерттеу нәтижесіне сай нақты шешім шығарылады.