Биыл аймақта қолда бар қаражатынан айырылып, қалтасынан қағылғандар саны азаймай тұр. Бұл туралы өңірдің полиция департаменті мәлімдеді. Тәртіп сақшыларының сөзінше облыс тұрғындары ғаламтордағы күмәнді сайттарға кіріп, түрлі қаржы операцияларын іске асырған. Салдарынан бар қаржысынан айырылып, қаскөйлердің оңай олжасына айналуда.
Интернет алаяқтық бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселесіне айналды. Биыл бұл санаттағы  қылмыстардың саны күрт өтсен. Құқық қорғау органдарының мамандары қаскөйлер көбіне егде жастағы азаматтарды нысанаға алатынын айтады. Себебі, олар әлемжеліні жетік меңгермеген. Сондықтан келеңсіз жайттарға анағұрлым жиі тап болатын көрінеді.
Ақша табудың жеңіл жолын іздейтін алаяқтар бүгінде ғаламтор арқылы да жеңіл пайда көрудің түр-түрін ойлап тапқан. Мәселен, қаскөй банк немесе полиция қызметкері ретінде өзін таныстырып,  әртүрлі мақсатта жалған мәліметпен хабарласады. Хабарламалардың басым бөлігі қаржылық операциялармен байланысты. Ал полиция бөлімінің жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек келеңсіз жайттан өзіңізді сақтау үшін ең алдымен  «тимвивер» және «энидиск» сынды қосымшаларды ұялы телефонға және компьютерге орнатпау қажет, дейді.
Облыстық ПД мәліметтеріне сүйенсек, ғаламтор арқылы арам ойын іске асырғандар 600 млн. теңгеге жуық қаржыны қолды қылған.Тәртіп сақшылары интернет алаяқтықтың көпшілігі трансшекаралық сипатқа ие болғандықтан, қаскүнемді анықтауға бірталай уақыт жұмсауға тура келетіні айтады. Себебі, бір қылмыстық істе алаяқ басқа өңірде, тіпті басқа мемлекетте отырып осындай әрекетке баруы мүмкін.
Ал полицейлер өңір тұрғындарын дербес деректерді, банк карталарының мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.