Қазақ халқының жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысында ерлігімен есімі ел есінде қалған Қөкжарлы Көкжал Барақ батырға биыл 320 жыл. Осыған орай аймақ кітапханаларының бірінде «Барақ батыр рухына тағзым» фильмінің тұсаукесері өтті.
Көкжал Барақ Шүрекұлының 320 жылдығы аймақта кеңінен аталып өтті. Көкжарлы Барақ – қазақ тарихындағы ұлы қаһарман. Абылай ханның сарбазы, халқы көкжал атандырған, аты үш жүзге мәшһүр тарихи тұлға. Барақ батырдың есімін ұлықтап, ерен ерлігін өскелең ұрпақ жадында қалдыру мақсатында кітапхана қызметкерлері маусым айында Күршім жеріне өлкетану экспедициясын жасады.
Сондай-ақ, сапар барысында кітапханашылар "Көкжарлы Көкжал Барақ" кітабының авторы, ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі, Көкжал батырдың ұрпағы Қайырбаев Танаш Малғаждарұлының жетекшілігімен тарихи орындарды аралаған. Танаш Қайырбаевтың "Көкжарлы Көкжал Барақ" кітабы өткен жылы жарық көрген.
Кітапхана қызметкерлері Барақ батырдың ұрпақтары мекен еткен Теректібұлақ ауылында болып, тарихи жәдігерлермен танысты. Батыр ұрпақтарымен сұхбаттасып, соның нәтижесінде деректі фильм дайындап шығарды.