Негізгі Жаңалықтар Мемлекттік тілді үйренуге ынта жоғары

Мемлекттік тілді үйренуге ынта жоғары

Соңғы жылдары аймақтық лингвистикалық орталығының қолдауымен қазақ және ағылшын тілі үйренетіндердің саны айтарлықтай артқан. Оқытушылар түрлі ұжымдарға барып сабақ өткізіп, тыңдаушыларға тілді тың тәсіл жаңа әдіспен үйретеді.

Бүгінде тіл үйренуге деген сұраныстың күрт артқанын қазақ тілін оқытатын орталықтар мен курстардың көбейгенінен-ақ байқауға болады. Ел бойынша Мемлекеттік тілді оқыту орталықтары мыңдаған азаматтың қазақ тілін тегін меңгеруіне жақсы жағдай жасап отыр. Осы орайда, аймақтық лингвистикалық орталық қызметкерлері де қазақ тілін дамыту бағытында қарқынды жұмыс атқарып келеді. Атап айтқанда, облыстық өнер музейінің ұжымы орталық оқытушыларының жетекшілігімен қазақ тілін үйреніп жүр.

Ырысты Райханқызы, оқытушы:

Мемлекеттік тілді оқыту бойынша әр түрлі мекемелерде сабақ береміз. Бүгінгі сабақ өнер мұражайы қызметкерлерімен. Сабақ барысында төрт дағды бойынша оқытамыз. Оқылым, жазылым, айтылым сынды дағдылар бойынша оқытамыз. Әр сабақта әр қайсысына тоқталамыз. Яғни, тыңдаушының жазлым дағдысы қандай, оқылым дағдысы қандай және айтылымы қандай? Барлығы бойынша сабақтар өтеді. 

Сабақ, негізінен, мемлекеттік тілді толық меңгермеген немесе білімін жетілдіргісі келетін қызметкерлер үшін ұйымдастырылған. Бұл бастама мамандармен қатар, мекеме, ұйымдардың басшылық құрамын да қамтиды. Тіл үйрену курстары апта сайын тұрақты түрде өткізіледі. Оқыту барысында теорияны жаттаумен шектелмей, алған білімді күнделікті жұмыс барысында іс жүзінде қолданады. 

Наталья Авдеева, ШҚО өнер музейінің бөлім меңгерушісі:

Қазақ тілі сабақтары бізде өте қызықты өтеді. Оқыту әдістемесі әртүрлі, сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылады. Теориялық білім тәжірибемен ұштасады. Практикалық сабақтар өте көп. Сонымен қатар мұғалім әр тақырыптық бөлімнен кейін шағын емтихандар өткізіп, алған білімімізді бекітуге мүмкіндік береді.

Лингвистикалық орталық жұмысының тағы бір бағыты - ағылшын тілін оқыту. 

Аружан Бақытбекқызы, оқытушы:

Біз түрлі мекемелерге барып, мемлекеттік қызметшілерге және басқа да ұйымдардың қызметкерлеріне ағылшын тілінен тегін курстар өткіземіз. Сабақ барысында негізінен ауызекі сөйлеу дағдысын дамытуға басымдық береміз. Сонымен қатар грамматикаға да көңіл бөлінеді. Әр ұйымға аптасына екі рет сабақ өткіземіз.

Мамандардың айтуынша, елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оны күнделікті жұмыста еркін қолдану бағытындағы қарқынды жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Кәусар Идаятқызы


Бөлісу