Аймақтағы дәрігерлер мен орта буынды қызметкерлер Ұлыбритания, Германия, Израиль елдерінде біліктіліктерін арттыруда. Мұндағы басты мақсат – медицина мамандарына соңғы технологияларды меңгеріп, науқастарды жедел емдеуге даярлау. Шетелде жиналған тәжірибе облыс медицинасының сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.
Облыстық аурухананың кардиохирургия бөлімшесінде жүрекке күрделі оталар жасалады. Медицина саласындағы заманауи үрдістерге ілесу үшін дәрігерлер әлемнің жетекші клиникаларында біліктіліктерін арттыруда. Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еділ Ботабаевтың айтуынша, шетелде тәжірибе алмасу арқылы қазіргі таңда отандық медицинада жаңашылдықтар кеңінен қолданылуда.
Ұлыбританияда біліктілігін арттырған Қуатжан Әбішов қазіргі таңда отаның жаңа түрлерін қолдану арқылы науқастарды өлімнен арашалап қалғандығын айтады. Қазіргі таңда егде жастағы азаматтарға Тави отасы жасалып жатыр.
Ал қан тамырлары хирургиясы және кардиохирургия бөлімшесінің аға мейірбикесі Зарина Сәлімова Ұлыбританияның Лондон қаласында 2 апталық оқуға барған. Қазір жинаған тәжірибесін қызмет барысында жемісті қолданып жүр.
Шетелде медицина мамандарының біліктіліктерін арттыру өңірде бұрын болмаған жоғары технологиялық үрдістерді дамытуға жаңа серпін бермек. Мұндай кең ауқымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.