Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында өңірдегі соғыс ардагерлеріне бір жарым миллион теңге көлемінде мерекелік жәрдемақы беріледі. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында ардагерлерді әлеуметтік қолдау мәселесі қаралды. Кездесуде туризм саласын дамыту мен спортшылардың алдағы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды.

Аймақта ардагерлерді қолдаудың 2024 жылға арналған кешенді жоспары бекітілді. Арнайы бағдарламаға медициналық көмек көрсету және оңалту жұмыстары енді. Бұл тізімге мәдени, спорттық шаралар да кіреді. Жеңіс күні қарсаңында облыста тұратын соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға біржолғы жәрдемақы ретінде 1,5 млн теңге берілмек.

Жиын барысында өңірге туристерді тарту мәселесі талқыланды. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді. Облыс әкімі шалғай елді мекендері абаттандыру жұмысын қолға алуды тапсырды. Туризм менеджментін жолға қою, бір сөзбен айтқанда қонақжайлылықты қалыптастыру керектігін жеткізді.

Басқосудағы өзекті мәселенің бірі – спорт. Жазғы маусымда Парижде өтетін ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын шығыстан 5 спортшы қорғайды. Олардың қатарында еркін күрестен Азамат Дәулетбеков пен таэквондошы Батырхан Төлеуғали бар. Сондай-ақ, семсерлесушілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, жеңіл атлетші Жанна Мамажанова да олимпиадаға қатысады. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов мәлімдеді.

Биыл бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарламалар әзірленіп жатыр. Соның бірі – ХХІІ халықтық спорт ойындарын өткізу. Бұдан бөлек, өңірде «Сәулетай» балалар ойындары, мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада сынды спорттық шараларды өткізу жоспарланған.