Демалыс күндері Өскеменде дәстүрлі ауыл шаруашылық  жәрмеңкесі өтті. Өнімдер әдеттегідей нарықтағы бағадан анағұрлым төмен бағамен саудаланды. Бұл жолы қала тұрғындарын сапалы өнім, қолжетімді бағамен Алтай ауданы қуантты.
Ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізу игі дәстүрге айналған. Жәрмеңкедегі басты ерекшелік – мұндағы бағаның нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмендігі. Жәрмеңкеге келген тұрғындар ғана емес, сатушылар да көтеріңкі көңіл-күйде өз жұмыстарына кіріскен. Келген кәсіпкерлердің бірқатары жәрмеңкеге ірі қараның еті мен ақ тағамдарды саудаға қойған.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шараларды өткізу, тауар өндірушіге де, тұтынушыға да өте тиімді. Ең алдымен, өзімізде өндірілген отандық әрі сапалы өнімді өткізудің ұтымды жолы.
Таңсәріден өз жұмысын бастап кеткен кәсіпкерлер бұл жолы да тұтунышыларды сапалы өніммен қамтамасыз етті.
Айта кетейік, адал еңбек етіп, маңдай терлерін төккен аудан фермерлерінің өнімдерін дәл осындай форматта ұсыну қаламызда дәстүрге айналған.