Облыс орталығында мектепке дейінгі біліммен қамту жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Оған дәлел, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған «Киндервилл» балабақшасы.
Қазіргі таңда облыс орталығында жекеменшік балабақшалар саны артып келеді. Былтыр қалада екі мың орынға арналған 12 балабақша ашылды. Алайда, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына әлі де кезекте тұрған бүлдіршіндер көп. Өңірде жыл басында тағы бір мекеме бой көтерді. 150 орынға негізделген орталық 19 қаңтар күні жұмысын бастады.Ашылу салтанатына шаһар басшысы  Жақсылық Омар қатысып, мемлекет мұндай жобаларды қолдауға қашанда дайын екенін айтты.
Бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан мекеме заманауи үлгіде жабдықталған. Бөлмелері кең, жылы әрі жарық. Балғындармен мұнда логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, балабақшада бүлдіршіндердің иммунитетін көтеретін тұзды үңгір ашу жоспарда бар.
Қазіргі уақытта балабақшада жалпы саны 27 бала бар. Мекеме басшылығының айтуынша, бүлдіршіндерді қабылдау әлі де жалғасуда.