Өскеменде сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың алғашқы сессиясы өтті. Жиында жаңадан сайланған халық қалаулылары таныстырылды. Ал мәслихат төрағасы болып Денис Рыпаков тағайындалды.
Жиын барысында  ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлаудың қорытындысы талқыланып, тұрақты комиссия мүшелері анықталды. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев жаңадан сайланған депутаттарға куәліктерін табыс етті.
Облыстық мәслихаттың депутаттық ұжымы 62 пайызға жаңартылды. 32 депутаттың 12-сі бұрынғы мәслихат мүшелері. Олардың үштен бірі – әйелдер қауымы. Барлық депутаттар жоғарғы білімді.
Денис Рыпаков облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланғаннан кейін депутаттар үш тұрақты комиссияға бөлінді. Біріншісі – әлеуметтік-мәдени даму, парламенттік этика және заңды өкілеттілік. Екінші тарап – бюджет, экономикалық реформа және өңірлік даму. Үшіншісі – агроөнеркәсіптік кешен, экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану.