Өңір шежіресін таспалап, жаңалығын жұртқа жеткізген, көгілдір экран арқылы көпшіліктің көңіл төрінен орын алған аймақтың басты арнасы «ALTAI» телеарнасы 65 жылдық мерейтойына орай іргелі ұжымның қалыптасу тарихынан сыр шертетін көрмені халық назарына ұсынды.
«ALTAI» телеарнасы 1958 жылы 16 наурыздан бастап елдегі аймақтық телеарналардың ішінде алғашқы болып хабар таратты. 65 жыл – Шығыстағы телевизияның ғана емес, отандық журналистика саласы үшін де айтулы асу, биік бір белес. Өңірдің басты мәдениет сарайы саналатын "Ертіс концерт" ғимаратында "ALTAI" арнасының арғы-бергі тарихынан сыр шертетін көрменің лентасы қиылды, құнды әрі бірегей жәдігерлер жиналған көрме қалың көпшілікке ұсынылды.
Көрмеге келушілер операторлар қолданған алғашқы бейнекамераларды, алғашқы студия қызметкерлері бейнеленген сирек фотосуреттерді тамашалады.
Алғаш рет телеоператорлар «Киев-С» қарапайым бейнекамерасымен жұмыс істеді. Ал ондағы түсірілім 15 метрлік пленкасы бар касеталармен жүргізілген. Міне сол уақыттан бері аймақтық телеарна көгілдір экран бетіне көпшіліктің көңілінен шығатын ақпаратты ұсынып келеді. Бүгінгі таңда телеарна уақыттың талабына сай жабдықталды, жаңа технологиялар енгізілді.
Осылайша, облыстағы беделі биік, абыройы асқақ телеарна өзінің асқаралы 65 жылдығын жоғары деңгейде атап өтті. Облыстың жылнамасын, тарихын қалыптастыруда ары қарай да телеарна ұжымы тынымсыз еңбек ете бермек.