Ана мен бала орталығында  есту қабілеті бұзылған балаларға күрделі ота жасалды. Мәскеудегі отоларингология медициналық зерттеу орталығының профессоры өскемендегі дәрігерлерімен бірлесіп бүлдіршіндерге кохлеарлық имплант қойды. Соңғы 2 жыл ішінде аймақта осы сынды 52 ота жасалған.
Ресей Ұлттық отоларингология медициналық зерттеу орталығы директорының орынбасары Диаб Хассан өңір дәрігерлеріне шеберлік сағатын өткізді. Күрделі ота барысында облыс мамандары имплантты орналастырудың әдіс-тәсілдерімен танысты. Шетелдік дәрігер жылына 600-ге жуық операция жасайтынын айтты.
Биыл есту қабілеті бұзылған 20 балаға ота жасау жоспарда бар. Оториноларинголог-сурдолог дәрігер Жанна Хамитованың айтуынша, кохлеарлық имплант көптеген бүлдіршінге жаңа өмір сыйлады.
Айта кетейік, кохлеарлық имплантация әдісін облыс дәрігерлері 4 жыл бұрын қолдана бастады. Тәжірибе көрсеткендей отаның нәтижесі жақсы.