155 қап қоқыс жиналды. Өскеменде экобелсенділер «Таза ойын» атты эко-сенбілік ұйымдастырды. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараға қала әкімі Жақсылық  Омар қатысты. Шаһар басшысы сенбіліктен бөлек, облыс орталығындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелерді аралап, тұрғындармен кездесті.  
Эко-белсенділер мұндай сенбілікті дәстүрге айналдыру керек, - дейді. Қоқыс өңдеу зауыты ауданында өткен тазалыққа 3 команда қатысты. Ең көп қоқыс жинаған топқа сыйлықтар берілді.
Қала әкімі сенбілікке қызылдар сапынан қатысып, екінші орын алды. Облыс орталығының басшысы Жақсылық Омар тазалық шарасынан кейін Теміржолшылар мен Грейдерная көшелеріндегі жөнделген жолдың сапасымен танысты.
Қала басшысы жолдың сапасы мен кепілдік уақытына да тоқталды. Мердігер компания жаңа жолдың 7 жылға дейін бүлінбейтіні туралы айтқан болатын.
Жалпы облыс орталығын абаттандыруға бағытталған жұмыстар легі жалғаса бермек. Қала әкімі Жақсылық Омар ендігі кезекте аулаішілік жолдарға көңіл бөлінетінін де жеткізді.