Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы қарқынды. Өңірдің үш бірдей ауданын байланыстыратын нысанды 2025 жылы халық игілігіне беру жоспарланған. Мердігер «ОблШығысЖол» ЖШС.  Әріптесім Мадина Сүлейменова құрылыс басына барып, ондағы жұмыс барысымен танысып қайтты.
Облыс аумағындағы ең ірі көпірдің құрылысы 2020 жылдың соңында басталған. Содан бері құрылыс алаңында 142 тұрақты, 67 жалдамалы жұмысшы екі ауысымда еңбек етуде. Көпірдің жалпы ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Ал ені 12 метрге жуық. Нысан құрылысында сапа мәселесі бірінші орында, дейді техникалық қадағалау инженері Асқар Ильдебаев.
Құрылыс материалдарын бақылаумен зертхана мамандары айналысады.  Сынаққа алынған өнімнің беріктігі 70 пайыздан асатын болса, нормативке сай болып есептеледі, дейді зертхана басшысы Галина Садықова.
Көпір құрылысы аяқталғаннан кейін, екі жағалаудан кіреберіс жолдар салу жоспарда бар. Облыстық  жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының айтуынша, жұмыстың уақытылы аяқталуы республикалық бюджеттің уақытылы қаржыландыруына тікелей байланысты. Іске асырылып жатқан жобаның құнын арттыруға арналған қосымша шығындарды облыстық бюджет өтей алмайды. Осыған орай, республикалық бюджеттен көмек сұрайтындарын да жеткізді.