Өскеменге Өзбекстанда өткен бокстан әлем чемпионатында топ жарған былғары қолғап шеберлері келді. «Жекпе-жек» сарайында өткен жиынға аймақтағы спорт сүйер қауым жиналды.Шараның мақсаты өңірдегі бок спортының дамуына, жастар арасында кеңірек насихатталуына жол ашу.
Ташкентте өткен әлем біріншілігінде елдің әнұранын асқақтатып, алтыннан алқа тағынған боксшылар Өскемендегі ағайынмен кездесті.
Чемпиондарымыз кездесуге келген ағайынға жылы лебіздерін білдіріп, жастардың жігер,қайрат, намыстарын оятты. Әлемдік деңгейде өткен додаларда топ жарып жүрген спортшылармен мұндай шараларды өткізу жас өрендерге берері көп.
Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келіде сынға түскен. Ол ширек финалдық сында бапкерлер сенімін толық ақтады.
Ал 80 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай ақтық сында қытайлық спортшы Тоқтарбек Таңатханмен жұдырықтасып, жеңіске жеткен.
Кездесу соңында жас спортшылар чемпиондармен естелік суретке түсті.