Аймақта жайылымдық жер тапшы. Жыл басында өңірдегі мал басы 636 мыңды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 мың басқа артық. Облыста 5,1 млн гектар жайылымдық жер бар. Қазіргі уақытта игерілмеген алқаптарды кері қайтару бойынша сала мамандары бірқатар ілкімді шараларды қолға алған.
Аймақтағы шаруа қожалықтары жайылымдық жер таппай дал. Түйтікілді мәселенің түйінін тарқату мақсатында өңірде облыс әкімінің тапсырмасымен бірқатар шаралар қолға алынған. Нәтижесінде 9 мың гектар аумақ мемлекетке қайтарылды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің айтуынша, жайылымдық жерлердің барлығы толықтай мемлекет бақылауында.
Бұл бағытта атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде. Былтыр қожалық иелеріне 49 мың гектар жер берілді. Биыл бұл көрсеткіш 10 мың гектар аумақты құрады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығын 53 мың гектар жермен қамтамасыз ету жоспарланған.