Облыстық кітапхана ғимаратында мемлекеттік қызметкерлер арасында «Дәстүрден тағылым» атты облыстық байқау өтті. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған сайысқа облыстық, қалалық және аудандық орган қызметкерлері қатысты.
Мемлекеттік қызметшілер арасында ұйымдастырылған «Дәстүрден тағылым» байқауы мәдени – тарихи құндылықтарды кеңінен түсінуге бағытталған. Шараға облыстың түкпір – түкпірінен келген 14 қызметкер қатысты.
Байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар өздері туралы таныстыруды қазылар алқасына ұсынды. Ал, екінші кезеңде қазақ халқының тарихы, әдет-ғұрпы мен дәстүріне қатысты сұрақ – жауаптарға жауап берді. Байқаудың үшінші кезеңі киновикторина бойынша өтті.
Қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың әр кезеңдегі ұтымды тұстары мен шалыс басқан іс-әрекеттерін таразылап төрелігін білдіріп отырды. Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Өскемен қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Аида Омарова алса, кезекті екінші орынды Катонқарағай ауданы ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Тұрсынқан Базарбаев иеленді. Ал, жүлделі бірінші орынды Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қаржы-экономика бөлімінің бас маманы Назерке Есхатова қанжығалады.