Аймаққа ресми сапармен елшілер мен Еуропалық Одақ компаниялары өкілдерінің делегациясы келді. Басты мақсат-өнеркәсіптен логистикалық салаға дейінгі түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін беру.

Екі күн бойы Еуропалық Одақ елшілері мен компаниялары өкілдерінің делегациясы облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындарына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Айта кетейік, мұндай қарым-қатынасты орнатудың маңызы зор. Бұл өз кезегінде елге инвестиция тарту мен бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жыл сайын Қазақстанның ЕО серіктестерімен өзара іс-қимыл белсенділігі артып келеді. Одақтағы кәсіпкерлер қазақстандық өнеркәсіпті дамытуға инвестиция салуға және өндіріске озық технологияларды енгізуге дайын.

ЕО-дан келген делегация жұмыс сапары аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-не барды. Өнеркәсіп және геологиялық барлау саласындағы озық ғылыми жобалармен танысты.