Шығыс Қазақстан аумағындағы өрт қауіптілігі жоғары кезеңде 56 заңбұзушы жауапқа тартылды. Осы және жалпы өңірдегі елдімекендердегі өртке қарсы қауіпсіздік шаралары туралы брифинг барысында Облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары мәлімдеді.
Жалпы, аймақта өрт қауіптілігі жоғары. Облыстық ТЖД мамандарының хабарлауынша, бүгінде 72 орман өрті тіркелген. Бұл дегеніміз өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 38%-ға жоғары. Жергілікті жердегі орман аумақтары үш республикалық және 13 орман шаруашылығы коммуналды мемлекеттік мекемелер тарапынан қорғалады. Құтқарушылардың мәліметінше, өрт қауіптілігі жоғары мерзім ішінде бірде бір дала өрті тіркелмеген.
Облыстық ТЖД аумақтық бөлімшелері жоғары дайындық режиміне көшкен. Дағдарыс орталығында жедел штаб жұмыс істейді. Мобильді топтар 973 рейд өткізіп, өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған 56 заңбұзушылықты анықтады. Солардың 26-сына айыппұл салынып, қалғанына ескерту жасалған. Орманды алқаптарды өрттен  қорғау мақсатында жеке тұлғалардың орманға баруларын шектейтін облыс әкімінің қаулысы бар.  
Табиғи өрттерді өшіру, сонымен қоса өрт сөндіру мекемелері жоқ елдімекендерді өрттен қорғау мақсатында 44 өрт сөндіру бекеті мен 114 еріктілерден құралған өртке қарсы қызмет бөлімшесі бар. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ауылшаруашылығы саласы басшыларына жағдайды назарда ұстап, егістік алқабындағы жұмысшыларын құлағдар етуді  тапсырды. Бекітілген талап бойынша, ауылшаруашылығы техникаларының бәрі де өртке қарсы құрылғылармен жабдықталуы тиіс.