«Медовый спас» бал мерекесінде өңірдегі ең тәтті, ең сапалы бал анықталды. Жыл сайын күзгі өнім жинау кезеңі халық арасында кеңінен тойланып, ерекше атап өтіледі. Дәстүрге сай, шығысқазақстандық омарташылар Риддер қаласының маңындағы «Громотуха» демалыс базасында жиналып, өз өнімдерін ұсынды.
Дәстүрлі «Медовый спас» бал фестивалі осымен бесінші рет өтуде. Жыл сайын шараға қатысушылар көбейіп, бұл күнде келушілердің саны 5-6000-нан асады. Биыл мәртебелі қонақтар Астана мен Алматы, Қостанай қалалары және Ресейдің Алтай өлкесінен келген. Көбі ең дәмді, сапалы бал және бал өнімдерін таңдап, сатып алуға асық.
Мерекелік кешке жиналған жұртшылықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Славян халықтарының дәстүрлі алма жинау, бал өнімін алу мерекесіне қатысқан өнерпаздар ән-биден шашу шашты.
Жиналғандар бір-бірін мерекемен құттықтап, арқа-жарқа болды. Қала басшылығы шараның басы-қасында болып, ойдағыдай өтуін қадағалады.
Ел мен ел, жер мен жерді байланыстырып, ізгілікке бастайтын атаулы мерекеге қатысқан кеш қонақтары жылы лебіздерін білдірді. Жылда өтетін бал фестивалі ел ішіндегі аудан-қалаларды ғана емес, көршілес екі мемлекет арасындағы рухани-мәдени дәстүрді жалғап, мызғымас достықты одан әрі нығайта түсуде.  
Ұйымдастырушылар өңірдегі омарта шаруашылығын дамыту, бал тұтыну мәдениетін жандандыру және халық денсаулығын нығайту бағытында ұйымдастырылған шараның маңыздылығын атап өтті. Дәстүрлі шара келесі жылы да жалғасын таппақ.