Марқакөлде өңір тарихынан сыр шертетін жаңа кітап жарық көрді. «Марқакөл-Атамекенім» деп аталатын тың туындының авторлары Сайлау Төлеуов пен Бақытбек Жаманбаев. Туған жер туралы жаңа дүние жазудағы негізгі ой марқа жұртының жігерін қайрап, осы мекеннің тарихын жастарға жеткізу, - дейді туынды иелері.
Марқакөлдегі Қожамбет батырды еске алуға арналған дүбірлі тойға орай жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Алтайдың алқанында орналасқан ғажап мекен Марқакөлдің тарихы туралы жаңа кітапты жұртшылыққа таныстыру кешіне дүйім жұрт түгел жиналды. Туынды авторы Бақытбек Жаманбаев «Өзім ауылдан көшсем де, көңілім, ойым, жүрегім осы жерде», - дейді.  
Күршім өңірінде өткен Қожамбет батырды еске алуға арналған шарада жаңа кітаптың тұсаукесері, тағзым асынан бөлек «Marqakol Fest» ұйымдастырылды. Көңілді кешке облысқа, елге танымал жұлдыздар келіп, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.
Фестивальді ұйымдастырып, арнайы жеке бағдарлама жасаған көпке танымал әнші, хореограф Ғибрат Азубаев. Оның айтуынша, Марқакөлде осындай ауқымдағы керемет кешті ұйымдастыру 2-3 жылдан бері жоспарда жүрген екен. Тіпті, көл бетіне сахна құрып, ерекше форматтағы концерт өткізу де ойда болған.  
Игі шараны ұйымдастырған, атқамінер азаматтар Марқа өңірінде осындай ауқымдағы дүниелерді жиі өткізу керек, - дейді. Тарихын білген ұрпақ, болашағы бар, нағыз ел болары анық. Қожамбет батырды еске алып, дүбірлі той өткізудегі басты мақсат осы.