Өңірде 2020 жылдан бері «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы қолға алынып, жемісті іске асырылып келеді. Қазіргі таңда аймаққа қарасты әр ауданда тұрғын үйлер бой көтере бастады. Әлеуметтік жағынан маңызды жоба аясында бағдарлама санатына кіретін отбасылар баспаналы болып, қуанышқа кенелуде. Аталған бастама шеңберінде Зайсан ауданында биыл 62 баспананың құрылысы басталды.  
 «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында аудана 42 үй ауылдық жерде, 20 баспана Зайсан қаласында бой көтереді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары Қаратал және Қарабұлақ ауылдарында жүргізіліп жатыр. Мәселен, Қараталдағы тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымдар толықтай тартылып үлгерген. Ғимараттың сыртқы жұмыстарыда аяқталды. Ішкі сылақ жұмыстары соңғы сатыда.  
Қарабұлақ ауылында да құрылыс жұмыстары қызып тұр. Мұнда 7 үй салынып жатыр. Баспаналардың көлемі 91 мен 65 шаршы метр аралығында. Барлығы 3 бөлмелі үйлер. Әрқайсысының ауылдық елдімекенге сай 20 соттық жері де болады. Орталықтандырылған газ жүйесіне де қосылады.
Бұдан бөлек Қарабұлақта «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдар жөнделіп, ретке келтірілген.
Ауданда биыл «Бірқабатты шығыс» бағдарламасы шеңберінде жалпы саны 62 тұрғын үй салу көзделген. Облыстық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, өңірде 316 үй салынбақ. Оның ішінде 71-ің құрылысы былтыр басталған үйлер. 152 жер үй қалаларда бой көтереді.