Аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің отырысы өтті. Алқалы жиында өңір үшін маңызды бірқатар мәселелер қаралды. Мәселен,  өңірдің жылыту маусымына дайындығы, кәсіпкерлікті дамыту, аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе өңір жылыту маусымына қаншалықты дайын. Бұл сұраққа алғашқы болып сөз алған облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев жауап берді. Оның сөзінше, 2023 жылғы 22 тамыздағы жағдай бойынша аймақтағы ЖЭО-ның дайындығы 64% құрайды.  Оның ішінде Өскемен ЖЭО 67,6%-ға, Согра ЖЭО 61%-ға және 57,5%-ға дайын. Ал гидроагрегаттар 67% жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар жиында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасының бүгінгі аяқ алысы талқыланды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, аталмыш жобаны іске асыруға 4 млрд астам қаражат қарастырылып, оның 2 млрдтан астамы игерілген. Биыл бағдарламаға қатысуға 13 679 адам өтініш білдірді. Олар үшін 9911 жаңа жұмыс орындары құрылды. Соның ішінде 4477 тұрақты және 5434 уақытша жұмыс орындарына айналды.  Нәтижесінде бұл шаралар жұмыссыздық деңгейін 4,7% шегінде сақтауға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев жұртшылықты ауданды дамытуға арналған кешенді жоспармен таныстырды. Бұдан бөлек жиында облыс әкімінің ведомствоаралық бірыңғай ситуациялық орталығының қызметі жайлы да сөз  қозғалды.