Ел президенті қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша алдын ала халық ішінде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырып, жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтерген еді. Бүгін облыс орталығында осындай талқылау өтті. Атом саласының сарапшылары, ғалымдар мен ірі кәсіпорын өкілдері, қарапайым тұрғындар қатысқан жиында атом стациясы құрылысына қатысты түйткілдер сөз болды. «Елге атом электр станциясы қажет пе?», «Оның құрылысы қалай жүреді?», «Қауіпсіз бе?». Жиналыстың күн тәртібіндегі басты сұрақтар осындай. Талқылау кезінде АЭС салудағы технологияның қауіпсіздігі, оның әлеуметтік-экономикалық тұстары жайы айтылды. Бұл үшін осы саладан хабардар ірі спикерлар келген. Отандық ғалымдар алғашқы АЭС салу бойынша екі елді мекенді таңдап отыр. Бірі Алматы облысындағы Үлкен ауылының, екіншісі Абай облысындағы Курчатов қаласының маңы. Атом – болашақ энергиясы. Қалалар қуат алып отырған жылу электр станцияларымен салыстыруға келмейді, дейді сарапшылар. Бір ғана мысал, 1 ГВт энергия алған кезде 7 тоннадан аса күкірт оксиді, 2 тоннадан көп азот оксиді, 3 тоннаға дейін көмірқышқыл газы қалдықтары сыртқа шығады. Бұл экологияға залал. АЭС отыны – уран. Қазақстан оны өндіруден әлемде бірінші орында. Қоры бойынша да алдыда. Жыл сайын 20 мың тоннадан аса уран өндіреді. Бұл ретте Үлбі металлургия зауыты таптырмас кәсіпорын. Зауыт жылына 400 тонна уран отын таблеткаларын, тотығының ұнтағы мен құрамаларын өндіреді. Істің басында жүргендер осыны дәйек етіп отыр. Қоғамдық тыңдау болған соң пікір де әртүрлі. Жиынның мақсаты да сол түсініксіз тұстарды айту, көкейдегіні бұғып қалмай ашық талқылау. Бірі АЭС-ты келешек энергия көзі деп қабылдаса, бірі оның салынуына түбегейлі қарсы. Әркімнің өз дегені, себебі бар. Құрылыс басталып, аяқталған жағдайда онда кім қызмет етпек дегенге де сарапшылардың өз уәжі бар. Отандық оқу орындары бұл салаға мамандарды дайындап отыр. Соңғы он жылда біліктілігі атом саласына келетін 3000-дай бакалавр, 1000-нан аса магистр, 200-ге жуық ғылым докторлары оқытылған. Іргедегі Ұлттық ядролық орталық мамандары да бекер қызмет етіп жатқан жоқ, деген пікірде ғалымдар. Ал, референдум өткізу тәртібі конституциялық заңмен реттелген. АЭС салу мәселесі жөнінде толық шешім қабылданғанға дейін осындай қоғамдық талқылаулар өткізіліп тұрады.