Бүгін - Ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл. Теңге – Қазақстанның егемендігін айқындайтын маңызды атрибуттың бірі. Қазіргі таңда тәуелсіз әрі мықты қаржылық жүйенің символына айналып отыр. Сондай-ақ, дәл осы күні еліміздің қаржыгерлері де кәсіби мерекесін атап өтеді. Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді. Кейін бұл күнді еліміздің қаржы қызметкерлерінің атаулы мерекесіне айналдыру туралы шешім қабылданды. Ұлттық Банктің өңірлік филиалының мамандары теңгенің тарихы жайлы сөз етті. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге әлеміндегі ең үздік валюта деп танылған. Теңгенің түрлі купюрасы үздік дизайн мен жоғары сапасы үшін түрлі марапатқа ие болды. Атап айтқанда, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай шығарылған 10 000 теңгелік купюра 2011 жылдың үздік жаңа банкнотасы атанды. Ал, 5 000 теңгелік купюра 2012 жылы үздік атанса, түркі жазуына арналған 1 000 теңгелік купюра 2013 жылы үздік дизайны үшін марапатқа ие болды. Сондай – ақ, номиналы 20 000 теңге болатын банкнота 2015 жылдың үздік өңірлік банкнотасы деп танылды. Төл теңгенің 30 –жылдығына орай, Ұлттық Банктің өңірлік филиалының директоры қаржы жүйесінің қызметкерлерін құттықтады. Қазақстан Ұлттық Банкі инвестициялық және коллекциялық монеталар шығарады. Инвестициялық монеталар күміс және алтын сияқты бағалы металдардан әзірленеді. Ал, коллекциялық монеталарды шектеулі тиражбен шығады. Бұл монеталар тек төлем құралы ғана емес, мәдени-ағартушылық және инвестициялық маңызға ие. Олар тарихи оқиғаларды, мәдени ескерткіштерді және әр түрлі саладығы жетістіктерді еске салады.