Ел президенті ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың маңыздылығын баса атап өткен еді. Бұл жұмыстың әлеуметтік мәні зор. Ауыл тұрғындарының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуде Зайсан ауданы жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Аудан өңір бойынша ілгері келеді. Айнабұлақ – медицина саласының келешегі жарқын округтердің бірі. Соның ішінде Қайнар ауылында азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жұмысы дұрыс жолға қойылған. Дәрігерлік амбулатория қайта қолданысқа берілді. Қайнарлық осыған орай салтанатты шара өткізіп, думандатты. Медициналық нысанның қызметкерлері жаңарған ғимараттың маңызды екенін айтады. Жөндеудегі мақсат – ғимаратты неғұрлым жайлы ету. Дәрігерлер енді әуре болмайды. Барлық жүйелер тартылған. Толық жөндеу үш айға созылған екен. Жұмыс барысында кешігу болған жоқ. Тұрғындар дән риза. Ауылдық округке төрт елді мекен жатады. Айнабұлақ, Қайнар, Жаңатұрмыс, Шүршітсу ауылдары. Жалпы округте 2500-нан аса адам тұрады. Ауылдың негізгі күн көрісі ауыл шаруашылығы. Ауылды дамыту жөніндегі жобалар ішінде Қайнарға ауыз су тарту жұмысы бар. Құны 220 млн.теңгеге елді мекенге су тартылды. Үш шақырымға жуық құбырлар салынып, әр үйге қосылған. Келер жылы ауыл көшелерін асфальттау жұмысы да жоспарда.