Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қызырбек Дүргінбайұлының «Жастықтың оты жалындап» атты жыр кеші өтті. Кеш иесі көрермендер қауымын өз шығармашылығымен таныстырып, , өлеңдерінен үзінді оқыды. Рухани жиынға әріптесім Қарақат Жақсылыққызы да қатысып қайтты. Ақынның туған жері Катонқарағай ауданына қарасты Сырғалым ауылы. Өзен бойы, тұмса табиғатпен тілдескен ақын өз өлеңдерінде туған жер, табиғат, ауыл жайлы жырлайды. Кеш иесі шығармашылық жолын студен шағында, Ертістің жағасында бастаған. Ал алғашқы өлеңін мектеп қабырғасында жүріп анасына арнаған екен. Шығыста қалам тербеп жүрген ақынның қоржынында көңілдің нәзік қылын шертер сезімге толы поэзия, мұңы мен шері, өкініші мен қуанышын сипаттайтын өлеңдері бар. Айта кетейік, кештің ерекшелігі өлең де ән де жанды дауыста орындалуында. Ақындық өнер — сөз өнерінің аса қастерлі саласы. Қызырбек Дүргінбайұлы бойына дарыған бұл қасиет таланттың биік өлшемі. Оның «Қозы көл», «Үміт», «Түз құсы» өлеңдерін қазіргі жас буын жатқа біледі. Өнер иесін құттықтауға әріптестері мен достары келді. Меймандар кеш иесіне жылы лебізі мен ізгі тілектерін білдірді.