Аймақта кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау тетігі жолға қойылған. Жүйелі жұмыс жемісін беруде. Үкімет заңнамалық база мен реттеуші ортаны жетілдіріп отырғандықтан бизнесті жүргізу анағұрлым жеңілдеген. Сәйкесінше шағын және орта бизнеске аяқ басқан азаматтар қатары да артып келеді. Мемлекеттің қолдауын көрген кәсіпкерлермен әріптесім тілдесіп қайтқан еді... Жекеменшік іс бастау оңай емес. Бизнес халықтың сұранысы мен заманның трендтеріне байланған. Тәуекелдер де жоқ емес. Кейде, бизнесмендер қаржылық тұрғыда қиындықтарға тап болады. Осындайда мемлекеттік субсидия кәсіпкерлер үшін жақсы көмек. Вячеслав Маликов багет шеберханасының басшысы. Мұнда мекенжай тақташасынан бастап 3D суреттерге дейін тапсырыс беруге болады. Бір сөзбен шеберхананың қызмет көрсету аясы кең. Вячеслав мемлекеттік субсидия арқасында жұмыс орынына екі арнайы қондырғы алған. Көпфункционалды сандық бағдарламалық басқару станогы кез келген пішінді аз уақытта, түрлі кескінде кесіп береді. Ал, екінші станог лазермен кесуге арналған. Бұл қондырғыларға мемлекеттің бөлген қаржысы 5 млн.теңге. Шеберлердің айтуынша, заманауи станогтарды сатып алғалы жұмыс өнімді жүріп, тапсырыс берушілер де көбейген. Тіпті, шет мемлекеттерден де тапсырыс түседі. Кембағал балаларды оңалтуға арналған бұл орталық облыс орталығында бір жыл бұрын ашылды. Қазір 135 бүлдіршін үздіксіз келіп жүр. Оларға дефектолог, психолог және педагог мамандар оңалту жаттығуларын өткізеді. Әр баламен жеке оңалту жұмысы жүргізіледі. «Страна чудес» балаларды түзету-дамыту орталығының директоры Лилия Мамбурованың айтуынша, грант арқасында жабдықталған тұзды бөлме дамуында ауытқуы бар балалардың денсаулығын нығайтуда көп септігін тигізеді. Облыста биыл өз кәсібін ашқандар саны көбейді. Бүгінде өңірде 64 мың шағын және орта бизнес тіркелген. Соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша тек кәсіпкерлік саласынан 98 миллиард теңге салық жиналған. Осы қарқын бәсеңдемес үшін аймақтағы атқарушы билік алдағы уақытта кәсіп иелеріне берілетін грантты көбейтіп, несиесін субсидиялауға басымдық бермек.