Облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Өнімдер әдеттегідей нарықтағы бағадан анағұрлым төмен бағамен саудаланды. Бұл жолы қала тұрғындарын сапалы өнім, қолжетімді бағамен Алтай ауданы қуантты. Қызу сауда ортасында әріптестерім де болып қайтты. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен Өскеменде «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясыда ауыл шаруашылық жәрмеңкесін өткізу игі дәстүрге айналған. Таң сәріден «ТНП» сауда орталығына жиналғандардың қарасы қалың. Игі шараға Алтайлықтар тыңғылықты дайындалған. Мәселен, жәрмеңкеге арнайы жылқы, сиыр, қой еті және аудан омарташылары дайындаған балдың түр-түрі мен көкеністертер әкелген. Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің айтуынша, мұндай шараларды өткізу, тауар өндірушіге де, тұтынушыға да өте тиімді. Бұл ең алдымен, өзімізде өндірілген отандық әрі сапалы өнімді өткізудің ұтымды жолы. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі жылдан-жылға артып келеді. Әлеуметтік маңызды тауарлар мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылып отырған жәрмеңкенің тұрғындарға берері көп. Жәрмеңкеге жиналғандар бұл тек сауда жасайтын аумақ емес, достарыңмен уақытты көңілді өткізуге айналған орын дейді, тұрғындар. Айта кетейік жәрмеңкеге жиналған өскемендіктер ауылдың дәмді бауырсағынан, арнайы дайындалған палаудан дәм татты. Спорттық сайыстарға қатысып, бақтарын сынап, тамылжыта ән салған алтайлық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына қанық болды. Айта кетейік, Алтай ауданының жәрмеңкесі аймақтағы ірі өндіріс орындарының бірі - «Казцинк»ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды.