Қазақстандықтар жалпыға бірдей декларациялауға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеді. 2021 жылы басталған міндеттеменің келер жылы үшінші кезеңі басталады. Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары белгіленген тәртіп бойынша өздері жайлы толық мәліметті ұсынулары тиіс. Осы санаттағы азаматтарға қойылатын талап қандай? Тілші бейнематериалында. Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі 2021 жылы басталды. Биыл екінші кезеңі өз мәресіне жетеді. Келер жылы үшінші кезең бойынша жалпыға бірдей декларациялау тәртібінің негізгі талаптары туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті арнайы кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуге келгендерге толық ақпарат берілді. Департамент мамандарының мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың бірінші қазаңындағы жағдайына өңірде 75920 жеке кәсіпкер мен заңды тұлғанын басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары өздерінің активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсыруы керек. Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде заңды тұлғалардың басшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қағаз жүзінде 2024 жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей мемлекеттік кірістер органдарына беруі керек. Сонымен қатар дәл осы сияқты ақпаратты электронды жүйе арқылы ұсынуға ниеттілер салық төлеушінің кабинеті және мобильді қосымша «Е-Salyq Azamat» арқылы 15 қыркүйекке дейін ұсынуға міндетті. Жеке кәсіпкерлер тұрғылықты жері бойынша жалпыға бірдей декларацияны тапсырады. Кәсіпкер немесе заңды тұлға қызмет жүргізбеген жағдайда да тапсыруға міндеттеледі. Гүлмира Сабралимованың айтуынша декларацияның 270 нысанында жыл ішінде алынған кірістер, салық шегерімдері, мүлікті сатып алу немесе иеліктен шығару туралы мәліметтер, шетелдік банктердегі шоттардағы ақша және мүлкі көрсетіледі. Жалпыға бірдей декларациялаудың басты мақсаты көлеңкелі экономиканы қысқарту. Ал 2025 жылдан бастап барлық азаматтар жалпыға бірдей декларациялау тәртібі бойынша мемлекеттік кірістер органдарына мәлімет беруге міндеттеледі.