Ассамблея мемлекет негіздерін нығайтудың басты институттарының бірі ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог бойынша әрдайым белсенді жұмыс жүргізіп келді. Шығыс Қазақстанда 72 этномәдени бірлестік, 124 Ақсақалдар, 115 Аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық топ, шығармашылық және жастар ұжымдары жұмыс істейді.Риддерде «Ассамблея – жастардың көзқарасы» атты ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-ші сессиясы өтті.Жиынға облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысты. «Ассамблея - еліміздің саяси жүйесінің маңызды элементі. Ол бірлік пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып, түрлі мәдениеттердің бірлесіп өмір сүруі және өзара әрекеттестігі қағидаларын табысты жүзеге асыруда», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев. Жастармен жұмыс Ассамблеяның, оның қоғамдық институттары мен Достық үйлерінің қызметінің басты міндеті болуы тиіс. Мемлекеттік тілді үйрену, тарихи-мәдени мұраны сақтау, қоршаған ортаны қорғау, медиа-жобаларды дамыту сияқты бағыттары жастар Ассамблеясында қарқынды дамуда. Шара барысында мемлекеттік этносаясатты іске асыруға қосқан үлесі үшін белсенді азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Солардын ішінде жастар театрының жетекшісі Назерке Айдынова да марапатқа ие болды. Айта кетейік, биыл алғаш рет облыстық Достық үйінің қабырғасында балалар мен жастар театры ашылған болатын. Облыс әкімі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп Достық үйлері қабырғасында қазақ тілінің «Кел, сөйлесейік» клубтарын ашуды, оларды қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуді тапсырды. Әкімдіктер өз қызметінде Ассамблея сарапшыларының әлеуетін кеңінен пайдалануы, әлеуметтік және ғылыми зерттеулерге ерекше назар аударуы және жарты жылда кемінде бір рет ҚХА өкілдерімен кездесулер өткізуі тиіс, деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев. Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.