Риддер қаласы байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген спортшыларға бай. Олар қай спорт түрінен болмасын, әлемдік додаларда әнұранымызды асқақтатып, көк туымызды желбіретін жүр. Бұл салада 21 635 адам тер төгіп жүр. Жеңісті сәттердің артында бапкерлердің қажырлы еңбегінің жемісі тұрғаны ақиқат.Жаттықтырушылар қыз-жігіттерді бабында ұстап, аймақта спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Қол жеткен жетістіктерге марқайып отыруға болмайды. Жоғары деңгейге жету үшін, қажетті жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан Риддер қаласының азаматтары мұндағы спорт нысандарын жаңғырту керек деп отыр. Риддерде бұқаралық спортты дамыту ісі қарқынды. Мұнда осы саланы одан әрі жетілдіру үшін қажеттінің бәрі бар. Спорт ғимараттары да жетерлік. Ғимарат демекші риддердегі азаматтар «Сокол» стадионын реттеу керек дейді. Әңгіме жаңғырту жұмыстарына қатысты. Ал бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қомақты қаражат қажет.Кеншілер қаласына ат басын бұрған облыс әкімі Ермек Көшербаевқа тұрғындар осы мәселені шешу жөнінде өтініштерін білдірді. Нысанды ретке келтіру сұранып-ақ тұр.Себебі, стадионның басым бөлігі тозған. Қазіргі уақытта мұнда тек шаңғы базасы ғана жұмыс істеп тұр. Сумен жабдықтау, жарықтандыру да көңіл көншітпейді. «Олимпиец» спорт клубының қызметі 2019 жылы 11 қаңтарда басталып, тіркеуден өткен. Оның негізгі міндеті - шаңғы және биатлон бөлімдерінің қызметін ұйымдастыру.Жас дарындарды даярлау және қолдау көрсету. Жоба аясында өзге де спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін ілкімді істерді қолға алу жоспарланған. Жөндеу жұмысары сәтімен аяқталса, әлем назарын өзіне қаратып, жеңістің биік тұғырынан көрінетін спортшылардың саны артар еді, дейді Михаил Ковалёв. Тараптардың пікірінен түйгеніміздей,Ридердегі нысанды жөндеу жұмыстарына қолдау қажет.