Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аймақ басшысы Ермек Көшербаев есептік кездесу өткізді. Өңір басшысы брифинг барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен қол жеткізген жетістіктер жайлы айтты. Аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың айтуынша, облыста 1007 кәсіпорын бар. Мұнда барлығы 47 мың адам жұмыс істейді. Жалпы аймақта 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның 23 мыңы тұрақты орындар. Орташа айлық жалақы 18% - ға өсіп, 305 мың теңгені құрады. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласында өңірдің әлеуеті зор екенін атап өтті. Бүгінде облыс аумағында майлы дақылдарды өндіретін 12 кәсіпорын бар. Алда қуаттылығы 50 мың тонна болатын жаңа зауытты іске қосу жоспарлануда. Жұмыс істеп тұрған және жаңа кәсіпорындарды ескере отырып, май тұқымын қайта өңдеу көлемі 900 мың тоннаға жетеді. Өсімдік майының экспорты 2 есе өседі деп болжануда. Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанда тұңғыш рет лецитин өндіруді қолға алып отыр. Жылына 4 мың тонна сұйық лецитин өндіру үшін күнбағыс тұқымын терең өңдеуді енгізуде. Ал 2025 жылдан бастап құрғақ лецитин шығару жоспарлануда. Бұдан бөлек, облыс әкімі су ресурстарына қатысты мәселелерді шешу туралы сөз қозғады. Сондай, ақ республика бойынша балық аулау кәсібін дөңгелетіп отырған алдыңғы қатарлы аймақ екенімізді айтып өтті. Брифинг барысында өңір басшысы туристік және спорттық инфрақұрылымды жақсарту үшін барлық күш-жігер жұмсалатынын атап өтті. Қысқы спорт түрлері мен жазғы туризмді дамыту басым бағыттарға айналады. Бұқтырма жағалауының инфрақұрылымы да жақсартылатын болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен басқосуда облыс әкімі Ермек Көшербаев инвестициялық жобаларды іске асыру туралы да айтты. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына Шығыс Қазақстан облысынан жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 42 жоба енді. Олардың қатарында Өскемен құс фабрикасындағы бройлер өндірісі мен май экстракция зауытының құрылысын бар. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді.