ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясаты комитеті облыс әкімдігімен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты республикалық форумын өткізді. Өскемендегі шараның мақсаты ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру. Адамды тіліне қарай кемсітудің кез келген түрін болдырмау, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру. Форумға елдің түкпір-түкпірінен тіл жанашырлары жиналды. Олардың арасында Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту басқармалары басшылары, тәуелсіз сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері бар. Биыл республикалық форум Өскеменнен бөлек елдің өзге өңірлерінде де өтті. Шараға қатысушылар мемлекеттік тілді одан әрі дамыту керектігін айтады. Әрі жас ұрпақ арасында насихат жұмысын күшейту керек дейді. Мемлекеттік тілдің беделін арттыру да аса маңызды. Форум қатысушылары облыстық тарихи-өлкетану мұражайының құнды жәдігерлерімен де танысты. Олардың назарына шығыстың бай тарихынан сыр шертетін бірегей дүниелер ұсынылды. Бұдан бөлек, қатысушылар қазақ поэзиясының алыбы – ақын Абай Құнанбаевтің кітап көрмесін тамашалады. Республикалық форумның шымылдығын ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Ходжабергенова ашты. Республикалық форум барысында спикерлер мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту мәселесін талқылады. Өзара тәжірибе алмасып, бұл бағыттағы түйіткілді шешу бойынша ұсыныстар айтты.