"Томирис" әйелдер көшбасшылығы бағдарламасының қатысушылары көпшілікпен кездесті. Жиында арулардың өңірдің саяси және әлеуметтік өміріне араласуы сөз болып, талқыға түсті. Шараның өтуіне қолдау көрсеткен облыстық Қоғамдық даму басқармасы. Еске сала кетейік, Қазақстанда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту және ілгерілету мақсатында «Томирис» әйелдер көшбасшылығы бағдарламасы былтыр іске асқан болатын. Осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша біраз бастама көтерілген еді. «Томирис» - негізінен әйелдердің басқарушылық әлеуеті мен саяси мәдениетін дамытуға бағытталған жоба. Өңірде осы бағдарламаны облыстық Қоғамдық даму басқармасының өкілдері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, сондай-ақ Конрад Аденауэр қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Өскеменде өткен іс-шараның спикері Галина Пахомова. Ол былтыр ақпараттық-білім беру бағдарламасын сәтті аяқтаған еді. Алдағы уақытта Галина Пахомова өзгелерге өз білгенін үйрететін болады. Ең алдымен, жобаға қатысушылар көшбасшылық, саясаттағы теңдік мәселелері, құқық, басқару, келіссөздер және көпшілік алдында сөйлеу курстарынан өтеді. Бағдарламада түрлі елдердің жетекші саяси қайраткерлерімен кездесулер қарастырылған. Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар өз өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды әзірлеп, қолданысқа енгізе алады. Қатысушыларды іріктеу - түйіндеме, мотивациялық хат және онлайн-сұхбат қорытындысы бойынша тәуелсіз қазылар алқасының шешімі бойынша өтеді. Жиын барысында белсенді әйелдер өңірдің өзекті мәселелерін, тұрмыстық зорлық-зомбылықты және әйелдердің саясаттағы рөлін де сөз етті. "Томирис" ақпараттық - білім беру бағдарламасы әйелдерді елдің дамуына өз үлестерін қосып, саяси жобаларды әзірлеуге және енгізуге мүмкіндік береді. Өтінім бергеннен кейін 30 қатысушы іріктеледі. Олар Астана қаласында 5 күндік оқу бағдарламасынан өтіп, көшбасшылық қабілет, ораторлық өнер, саясаттағы теңдік және тағы да басқа тақырыптар бойынша курстан өтіп, білім алады. Сонымен қоса көпшілік алдында сөйлеу, әлеуметтік желімен жұмысты да үйренетін болады.