Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме биылғы жылдың атаулы күндері мен танымал тұлғалардың мерейтойына арналады. Шараның ашылуына қоғам қайраткерлері, оқушылар мен студенттер қатысты.
«Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте». Елімізде өздерінің даңқты істерімен ел жылнамасына есімдері ойып тұрып жазылған тұлғалар көп. Міне, «Ұлы даланың Ұлы тұлғалары» атты интерактивті әдебиеттер экспозициясының салтанатты таныстырылымы осы жандарға арналды. Көрме қонақтары салтанатты шара барысында мерейгерлердің өмірі мен қызметі туралы ақпараттар алды. Сондай-ақ, шығармашылық мұрасымен танысты. Бұл көрме бірнеше бөлімнен тұрады.
Көрменің бірінші бөлімі - «Ұлт перзенті». Ал, қазақ халқының әдеби мұрасына сүбелі үлес қосқан жерлес ақын-жазушылар туралы қызықты ақпарат «Өмір жырын шерте білген» бөлімінде жинақталған. Еліміздің талантты тұлғалары туралы «Өнермен өрілген өмір» бөлімінен сыр шертсе, «Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар» бөлімі – тағдыры Шығыс Қазақстан өлкесімен тығыз байланысты мерейгерлерге арналады. Айта кетейік, аталмыш кітап көрмесі жыл көлемінде жұмыс істейтін болады. Оқырман қауым кез-келген уақытта келіп, қалаған кітабын таңдап оқитын мүмкіндігі бар.
Көрменің өскелең ұрпаққа берер тағлымы мол. Осы кітаптарды оқу арқылы жастар рухтанып, тарихымызды тереңінен түсінбек, дейді кітапхана қызметкерлері.