О. Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада облыстық ардагерлер кеңесі бас қосты. Шара мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған. Жиында Бердібек Мәшбекұлымен қызметтес болған азаматтар өз естеліктерімен бөлісті.

Бердібек Мәшбекұлы 2009-2014 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды. Осы уақыт ішінде ол өңірдің ғана емес, жалпы ел игілігі үшін жемісті еңбек етті, дейді ардагерлер кеңесінің мүшесі Айтмұхамбет Қасым.

Бердібек Мәшбекұлының тұсында жүзеге асқан бастамалар ауқымды. Мәселен, ақын, ағартушы Абай мен қазақ батыры Қабанбайға ескерткіш орнатылды. Оралхан Бөкейдің бюсті ашылды. Шығыс Қазақстан драма театры бой көтеріп, облыстық Халифа Алтай мешіті қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, медицина саласында да тың жобалар іске асты.

Халық пен билік арасында «Кризис менеджер» атанған тау тұлғаның ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосты.